Ақтөбеде кәмелетке толмаған екі жасөспірімді тонады деген күдікпен жергілікті колледждің екі студенті ұсталды, деп хабарлайды «Тілші» полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, оқиға түнгі уақытта облыс орталығындағы саябақтардың бірінде болған. Күдіктілер саябақта серуендеп жүрген екі жасөспірімді күш қолданамыз деп қорқытып, олардың ұялы телефондары мен күртесін тартып алған.
Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді ізін суытпай ұстады. Олар Ақтөбе қаласының 16 жастағы тұрғындары болып шықты. Екеуі де жергілікті колледжде білім алады.
Полицияның хабарлауынша, ұсталғандар кінәсін мойындаған. Тоналған заттар толық тәркіленді.
Қазіргі уақытта тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған қылмыс үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.