Канада тұрғыны Джессика Флетчер сөйлей алмайтын ұлы Хантермен электронды құрылғысыз да сөйлесу үшін білегіне толыққанды пернетақта бейнеленген татуировка салдырған. Баланың анасының қолына теріп жазған алғашқы сөзі «Мен сені жақсы көремін, анашым» болған. Бұл туралы Tilshi.Net Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл идея Хантер екеуі мейрамханаға барған кезде пайда болған. Баланың қарым-қатынас жасауға арналған құрылғысының қуаты таусылып, ол не тапсырыс бергісі келетінін түсіндіре алмаған. Джессика оған арнап қағазға әліпбиді жазып беруге тырысқан.
Алайда Хантер қаламды өзі алып, ағылшын пернетақтасындағы алғашқы қатардағы «Q W E R T Y» әріптерін жазған. Содан кейін анасы қалған пернелерді де толықтырып салып, Хантер оларды бірден пайдалана бастаған. Татуировкада әріптерден бөлек, «иә» және «жоқ» батырмалары, күлімсіреген смайлик және «Мен сені жақсы көремін» деген жеке перне бар. Татуировка түсірілген видео Facebook желісінде екі миллионнан астам қаралым жинаған.
«Егер бұл ұлыма көбірек мүмкіндік беріп, адамдармен еркінірек сөйлесуіне көмектессе, денемде мың тыртық қалуына да дайын болар едім», — деп жазды Флетчер. Оның айтуынша, ол қоғамдағы ең басты қате түсініктердің бірімен күрескісі келеді. Ол — адамның сөйлей алмауы оның ойлай алмайтынын білдіреді деген түсінік. «Меніңше, оның істен шығып қалуы мүмкін технологияларға тәуелді болуына шектеу қою әділетсіз. Өйткені қарым-қатынас жасау — адамның құқығы», — деді ол.