Темір ауданында нан өндірісін жолға қойып, ауылдық жерде заманауи ритейлдің стандартын қалыптастырған кәсіпкер, AR-AMIR супермаркетінің (Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті) негізін қалаушы Алтынбек Мұстафин "Тілшіге" берген эксклюзивті сұхбатында өзінің бизнес-стратегиясы, делдалдармен күресі және «қарыз дәптерін» қалай жойғаны туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Стратегиялық таңдау: Неге киім дүкені жабылды?
- Алтынбек, сөзімізді сіздің кәсіпкер ретіндегі бүгінгі жаңалықтарыңыздан бастасақ. Соңғы жылдары бизнесіңізде қандай өзгерістер болды? Бүгінгі жағдайыңыз қалай?
- Шынымды айтсам, біз қазір дәл екі жыл бұрын сызылған сценариймен келе жатырмыз. Бәрі жоспар бойынша. Неге десеңіз, екі жыл бұрын мен Алматыда Жексен Васильевич деген маманның төрт айлық оқуынан өттім. Сонда жалпы стратегия, жоспарлау жөнінде көп кеңестік. «Әлем қайда бара жатыр? Қай бағытқа күш салу керек?» деген сұрақтар төңірегінде үлкен талқылау болды.
Бүгінгі таңда бизнес негізінен үш бағытта өрбіп келе жатыр: өндіріс, логистика және ірі бөлшек сауда (retail) желілері. Біз сараптай келе, «Магнум», «Анвар», «Дина» сияқты алпауыт желілермен бәсекелесе алмайтынымызды түсіндік. Екіншіден, логистика бағытында да «Яндекс» немесе «Glovo» сияқты миллиардтаған инвестиция салып жатқан алпауыттармен жағаласу жеке кәсіпкерге мүмкін емес. Сондықтан біз үшін ең ұтымды жол — жеке брендіңді қалыптастырып, өндіріске (производство) мән беру екенін ұқтық.
Осы шешімнен кейін біз 2017 жылы ашқан балалар киім дүкенін жабуға бел будық. Ол дүкен жақсы көрсеткіштерге жеткенімен, жылдан-жылға саудасы азайып бара жатты. Себебі — онлайн сауда. «Waikiki» сияқты брендтерден бөлек, қазір Wildberries, Ozon сияқты маркетплейстер мен Каспи дүкеннің өзі бұл нарықты жаулап алды. Офлайн магазиндердің ғұмыры шектеулі екенін түсініп, уақытымызды босқа құртпай, бар назарды нан өндірісіне аудардық.
Өндіріс: Ауданды нанмен қамту және кеңею жоспары
- Өндірісті дамыту туралы айтып қалдыңыз. Шұбарқұдықтағы наубайханаңыздың қазіргі қарқыны қалай?
- Ауылда наубайханамыз бен кулинариямыз бар. Осы бағытты кеңейту үшін жаңа ғимарат салып, заманауи жабдықтар алдық. Жұмысты автоматтандыруға көштік. Біз 2016 жылы алғаш бастағанда, күні-түні жұмыс істеп, Шұбарқұдықтың нанға деген қажеттілігін 80%-ға жауып отырдық. Кейін маман тапшылығына байланысты түнде жұмыс істеуді тоқтатып, көрсеткіш 50%-ға түсті.
Қазір қайтадан күш алып жатырмыз. Тек қана өз ауданымыз емес, көршілес Байғанин, Ойыл, Мұғалжар аудандарына да нан жеткізу жоспарымызда бар. Цифрмен айтар болсақ, қазір айына 50 тоннадай ұн пайдаланамыз. Мақсатымыз — бұл көлемді екі есеге арттыру.
- Бірақ ауылда білікті маман табу мәселесі бар емес пе? Технолог сияқты мамандарды қайдан іздейсіздер?
- Иә, маман тапшылығы — біздің ең ауыр мәселеміз. Технолог таппай қиналып жатырмыз. Қазір Ақтөбеден іздестірудеміз. Мүмкін, «он бес күн істеп, он бес күн демалатын» вахталық әдіспен алдыртатын шығармыз. Бұл — амалсыздықтан туған шешім.
Ритейлдегі делдалдар: «Әкімдік хат жазады, бірақ тауар бермейді»
- Логистика жағы қалай? Ақтөбеден тауарды қалай жеткізесіздер?
- Бізге логистика күнделікті қажет. Тауардың 70%-ын фирмалардың өзі әкеледі, бірақ 30%-ын, яғни күнделікті балғын жеміс-жидек пен сүт өнімдерін Ақтөбеден өзіміз тасимыз. Ол үшін күнделікті қалаға машина қатынайды. Сүт өнімдерін көп мөлшерде алсаңыз, бағасы арзанырақ болады, сондықтан өз көлігімізбен тасыған тиімді.
- Осы тұста үлкен желілер мен ауылдағы супермаркеттердің арасындағы теңсіздік сезіле ме?
- Әрине. Ірі сеттердің («Анвар», «Дина») өндірушілермен жұмыс істеуі басқаша. Мысалы, «Айс» өнімдерін алсақ, олар үлкен көлемде алғаны үшін «Анварға» өте төмен баға береді де, бізге жоғары баға қояды. Бұл жерде ештеңе істей алмайсың, барып сөйлескенімізбен, нәтиже шамалы.
Тағы бір мәселе — әлеуметтік тауарлар. Қазір тізімге алманы да қосып қойды. Біз бұл тауарларға 15%-дан артық үстеме қоса алмаймыз, ал оның ішіне жол шығыны, бәрі кіруі керек. Ең сорақысы — делдалдар мәселесі. Мәселен, жұмыртқаны «Аққұс» немесе «Рамазаннан» тікелей алайын десек, «бітіп қалды» дейді. Бірақ ортадағы делдалда тауар бар. Әкімдік бізге: «Неге делдалдан аласыңдар, тікелей алыңдар!» — деп хат жазады. Бірақ бізге тікелей бермей тұрса, не істейміз? Бұл тізбекті біз емес, үкімет реттеуі керек.
Кадр саясаты және «Қарыз дәптері»
- Жұмысшылар жағы қалай? Ауылда адамдарды ресми жұмысқа тарту қиын дейді...
- Бізде кадрды тәрбиелеу жүйесі жолға қойылған. Ақтөбеде арнайы координатор қыз бар, ол HR рөлін атқарады. Қызметкерлерді оқытамыз, тренингтер өткіземіз. Тіпті, соңғы 2-3 жылда басшылық құрамды, директорлар мен администраторларды жұбайларымен бірге шетелге демалысқа жіберіп жатырмыз. Үлкен жастағы қызметкерлерімізге «Сарыағашқа» жолдама береміз. Бұл — тек ынталандыру емес, адамның көзқарасын өзгерту. Ауылдан шықпаған адамның ойлауы басқа болады. Олар Еуропаны, басқа елдердің супермаркеттерін көрсе, жаңа идеялармен оралады.
- Ауылдағы «қарыз дәптері» деген ұғымды сіз қалай жеңдіңіз? Бұл өте ауыр тақырып қой.
- Біз 2007 жылдан 2012 жылға дейін бес жыл бойы қарыз дәптерімен жұмыс істедік. 2012 жылы жаңа супермаркет ашқанда, кассалық жүйеге көшіп, қарыз беруді біржола тоқтаттық. Сол кездегі дәптерлерді кәдімгідей өртеп жібердік. Шамамен 3 миллион теңгедей қарыз ақшаны қайтара алмадық, адамдар әкелген де жоқ. Бірақ біз фокусты өзгерттік. Қазір Каспи Red бар, халық соған үйренді. Егер қарыз дәптерін тоқтатпағанда, біз ешқайда дами алмас едік.
«Жүз дос» және ағалық үлгі
- Сіздің тағы бір үлкен жобаңыз — «Жүз дос». Бұл не үшін керек болды?
- Бұл — төрт жыл бұрын құрылған әлеуметтік бірлестік. Қазір 81 адамбыз. Ішімізде теміржолшы да, өрт сөндіруші де, кәсіпкер де бар. Мақсатымыз — тек қайырымдылық емес, ауылдағы ағалық үлгіні көрсету. Біз мектептерде кітап оқудан жарыс ұйымдастырамыз, тал егеміз («Жүз дос — жүз тал»), «Темір барысы» сияқты спорттық шаралар өткіземіз.
Ауылда руға, жерге бөліну деген болады ғой. Біз соның бәрін жиып қойып, бірліктің үлгісін көрсеткіміз келеді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген осы. Әкімдікке тәуелді емеспіз, тендерге қатыспаймыз, өз проблемамызды өзіміз шешеміз.
- Алтынбек, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.
Әңгімелескен Асқар Ақтілеу
Суретке түсірген Данияр Сағидолла