×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

«Ата-ана аманаты»: Қобдадағы қоғамдық тамақтану бизнесінің табыс тарихы

«Ата-ана аманаты»: Қобдадағы қоғамдық тамақтану бизнесінің табыс тарихы
Фото: Данияр Сағидолла

Кәсіпкер Әсия Әбрешованың басқаруындағы «Гауһар» кафесі мен «Бауыржан» мейрамханасы - отбасылық кәсіптің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлгісі. Ақтөбе облысының Қобда ауданында орналасқан бизнестің қоғамдық тамақтану саласында 7 жылдық тәжірибесі бар. Бүгінде екі мекеме де аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді.

Кәсіп ата-анадан қалған аманат ретінде басталған. Қазір бизнесті кәсіпкердің баласы мен келіні дамытып отыр.

«Бұл кәсіп бізге ата-анамыздан аманат болып қалды. Сондықтан оны жай ғана бизнес емес, отбасының еңбегі мен дәстүрін жалғастыру деп қабылдаймыз. Басты мақсатымыз — Қобда тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, кәсіпті біртіндеп дамыту», - дейді кәсіпкер Әсия Әбрешова.

Отбасылық бизнесті кеңейту үшін кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 10 миллион 800 мың теңге несие алып, 300 адамға арналған «Бауыржан» мейрамханасын іске қосқан.

Сонымен қатар, 1 қыркүйекте 50 адамға арналған жаңа шағын кафе жұмысын бастады. Кафеде қосымша 30 адамға арналған арнайы бөлме де бар.

Фото: Данияр Сағидолла

Кәсіпте жұмыспен қамту мәселесіне де көңіл бөлінген. Жаңа кафеде 6 адам, ал үлкен мейрамханада 8 адам тұрақты жұмыс істейді. Мерекелік шаралар кезінде даяшылар қосымша жұмысқа шақырылады.

Мекемелердің мәзірі де әртүрлі. Мұнда ұлттық тағамдар, ұмытылып бара жатқан дәстүрлі ас түрлері және жастар арасында сұранысқа ие жылдам дайындалатын тағамдар — донер мен пицца ұсынылады. Қызмет түрлерін кеңейту мақсатында сенбі күндері фильмдер көрсетіліп, балаларға арналған аспаздық шеберлік сағаттары өткізіледі.

Кәсіп иелері нарық сұранысына бейімделуге тырысады. Бұған дейін олардың қонақүйі болған. Алайда сұраныстың аздығы және үлкен жүк көліктеріне арналған тұрақтың болмауы себепті қонақүй жабылған.

Фото: Данияр Сағидолла

Оның орнына ғимарат репетиторлар мен сұлулық салондарына арналған кабинеттерге бөлініп, жалға берілді. Осылайша, кәсіп иелері ғимаратты жаңа мақсатта пайдаланып, қосымша табыс көзіне айналдырған.

Бизнес иелері қайырымдылыққа да мән береді. Сәуір айында кәсіпкердің жолдасы жергілікті мешітке кілем сыйға тартқан. Сонымен қатар, отбасы көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға мереке күндері тегін дастархан жайып, тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар