×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Yahoo! компаниясының негізін қалаушы əрі Alibaba инвесторы Джерри Янг Қазақстаннан бастау алған Nace.AI стартапына инвестиция салды

Yahoo! компаниясының негізін қалаушы əрі Alibaba инвесторы Джерри Янг Қазақстаннан бастау алған Nace.AI стартапына инвестиция салды
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстаннан бастау алған, бүгінде Кремний алқабында табысты жұмыс істеп жатқан Nace.AI жасанды интеллект стартабы өз қатарына Yahoo! компаниясының негізін қалаушы Джерри Янгты инвестор ретінде қосты. Бұл жас технологиялық компания үшін дамудың маңызды кезеңі ғана емес, сонымен қатар өңірде жасалған шешімдердің жаһандық жасанды интеллект нарығында бәсекеге қабілетті екенін көрсететін маңызды жетістік.


Стартаптың негізін қалаушы әрі бас директоры Дос Бақытжан бұл туралы былай деді:

«Джерри Янг - Yahoo! компаниясының негізін қалаушы, әлемдік интернет индустриясының алғашқы көшбасшыларының бірі, Alibaba директорлар кеңесінің мүшесі әрі инвесторы, Кремний алқабындағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Стартабымыз бен өнімдеріміздің осындай алып инвесторлардың қызығушылығын тудыруы - дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айғағы», - деді ол.

Джерри Янг компанияға инвестиция салу туралы шешімді Nace.AI командасымен алғашқы кездесудің өзінде қабылдаған.

«Кездесуіміз шамамен екі сағатқа созылды. Бір сағаттай уақыт ішінде компаниямыздың стратегиясын, технологиялық бағытымызды және неліктен дәл осы тәсілді таңдағанымызды таныстырдым. Джерри техникалық білімі жоғары адам екен. Ол өніміміз, нарық, бәсекелестер және технологиямыздың қалай жұмыс істейтіні жөнінде терең сұрақтар қойды. Әсіресе әмбебап ірі модельдердің орнына шағын, салалық AI-модельдерге неге басымдық беретінімізге ерекше қызығушылық танытты», - дейді Дос Бақытжан.

Оның айтуынша, Джерри Янгқа компанияның жеке AI-модельдерін дамыту тәсілі мен корпоративтік секторға бағытталған стратегиясы ерекше ұнаған.

«Біз ұйымдарға бизнес-процестері мен деректерін нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік беретін құралдар жасап жатқанымызды түсіндірдік. Бұл - таза B2B-компания. Технологиямыз да, командамыз да оған ұнады. Ортақ түсіністікке өте тез келдік», - деді стартаптың негізін қалаушы.

Кездесу қорытындысында Джерри Янг компанияға инвестиция салуға бірден дайын екенін білдірген.

«Шын мәнінде, алғашқы кездесудің өзінде-ақ нақты инвестициялық міндеттеме берілді. Ол ағымдағы инвестициялық раунд аясында қанша қаржы қажет екенін сұрады. Тіпті біз жоспарлағаннан әлдеқайда көп қаражат салуға дайын болды. Алайда біз компанияның осы кезеңдегі қажеттілігіне сай көлемді ғана алдық. Себебі басқа инвесторларға да орын қалдырып, үлестердің шамадан тыс болуына жол бергіміз келмеді», - деді Nace.AI бас директоры.

Айта кетейік, Nace.AI корпоративтік секторға арналған жасанды интеллект өнімдерін әзірлейді. Компанияның шешімдері аудитті, қаржылық талдауды және ірі корпоративтік деректер қорымен жұмысты автоматтандыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қолмен атқарылатын жұмыс көлемі азайып, шешім қабылдау үдерісі жеделдейді.

Қазір стартапта шамамен 30 маман еңбек етеді. Команда кеңейіп келеді. Nace.AI-дің кеңселері Кремний алқабы мен Астанада орналасқан.

Бұған дейін компания халықаралық инвесторлардан 21,5 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқаны, ал мәміленің 36 сағатқа жетпейтін уақытта аяқталғаны хабарланған болатын. Бүгінде стартаптың клиенттері қатарында әлемдік ірі компаниялар, соның ішінде халықаралық «Үлкен төрттік» өкілдері де бар.

 

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?
Жасанды интеллектіге сұрақ қою үшін жүйеге кіріңіз.

Ұқсас жаңалықтар