×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Онкологияны жеңіп шыққан ақтөбелік журналист Үндістаннан оралды

Онкологияны жеңіп шыққан ақтөбелік журналист Үндістаннан оралды
фото: Бақытгүл Жалғасбайдың жеке мұрағатынан
Бұл — өмір мен өлім арасындағы арпалыста жеңіп шыққан ақтөбелік журналист, көпбалалы ана Бақытгүл Жалғасбайдың шынайы оқиғасы. Тағдырдың ауыр соққысына мойымай, қатерлі ісіктің үшінші-төртінші сатысын артқа тастап, Үндістанда емделіп келген отандасымыз өз басынан өткен қиындықтары мен шипа табу жолын ашық бөлісті.

«Балаларымның болашағын ойлап, өзімді кейінге ысырдым»

«Бәрі былтырғы шілде айында басталды. Асқазан рагының 3-ші сатысы деген суық хабарды естігенде, басында сенгің келмейді екен. Тіпті жақын достарым да сенкіремей, түсінбей жүрді» — деп еске алады кейіпкеріміз.
Шын мәнінде, ауру бір күнде пайда болған жоқ. Оған дейін асқазаны сыр беріп, ауырып жүрген. Бірақ күнделікті күйбең тіршілік, журналистік жұмыс және ең бастысы — балалардың қамы өзіне қарауға мұрша бермеген.
«Үлкен ұлым алдыңғы жылы, ал қызым былтыр мектеп бітірді. Басымда тек: “Екеуі де студент болды, оларды қалай оқытамын, қалай аяққа тұрғызамын?”деген қорқыныш пен үлкен уайым болды. Өзімді кейінге ысырып жүре бердім. Түнімен асқазаным ауырып шығатын, күндіз үй тірлігімен ұмытып кетемін. Арасында құсып алсам да, мән бермедім. Бір күні шыдамай аудандық ауруханаға тексерілгенімде, хирург бірден биопсияға жіберді. Көп ұзамай үкімдей болған диагноз да шықты».

Фото: Бақытгүл Жалғасбайдың жеке мұрағатынан


Ақтөбедегі ота: Жасанды асқазан және алғашқы сынақтар

Диагноз қойылған сәтте жақындары шетелге баруды ұсынған. Алайда, қарапайым отбасының шетелде емделуге қаржысы да, сатып жіберетін артық дүние-мүлкі де болмаған. Елден қаражат жинауға бас тартқан ана халықаралық хаттама барлық жерде бір деп есептеп, Ақтөбеде емделуге шешім қабылдайды. Былтыр 27 тамызда Ақтөбедегі белгілі онкохирургтің жетекшілігімен үлкен операция жасалды. 
Дәрігерлер аурудың ешқандай ізін қалдырмау үшін науқастың асқазанын толықтай алып тастап, ішектен шағын жасанды «асқазан» жасап береді.
Операция сәтті өткенімен, одан кейін Қазақстанда басталған химия терапиясы ананың ағзасына өте ауыр соққы болып тиді. Оның жанама әсерлері алғашқы курстан-ақ қатты біліне бастады. 
Операцияға дейін елу бес келі болған ананың салмағы бірден отыз алты келіге дейін азайып кетті. 
Дәрігерлер тағайындаған сегіз мезгіл аз-аздан жиі тамақтану тәртібін ұстану мүмкін болмады, өйткені химиядан кейін науқас тамаққа қарай алмай, су да іше алмай, тіпті дәрілерін де жұта алмайтын халге жетті. Осының салдарынан ағза қатты әлсіреп, көп ұзамай шашы түсіп, тістері де сыр бере бастады.

фото: Бақытгүл Жалғасбайдың жеке мұрағатынан

Үндістанға бару: Мүгедек арбасымен басталған үміт жолы

«Жаның көзіңе көрінгенде, “жұрт не ойлайды”, “ұят болады” деген сезімдер жоғалады екен. Қайда болса да барып, жан сақтау керек болды», — дейді ол.
Басында Түркия мен Корея нұсқалары қаралды. Бірақ Түркияда бағаның тым қымбаттығы, ал Кореяда емхана тағамдарының тым ащы болуы — асқазаны жоқ адам үшін бұл өте қауіпті еді — таңдауды Үндістанға бұрды. 
Басында антисанитария деп мұрнын шүйіргенімен, Алланың қалауымен жол дәл осы елге ашылды.
Үндістанға барар жол оңай болған жоқ. Жағдайы нашарлап кеткен ана Ақтөбеден ұшқанда да, Алматыда құжат реттегенде де тек дәрі мен системаның көмегімен әрең жүрді. Үндістан топырағын алғаш рет мүгедектер арбасында, басты.
Қазақстандықтарға арналған, ішінде өз асханасы бар шағын отельге орналасты. Елімізден ала кеткен таза жылқы еті мен қазақы тағамдар күш-қуатты қалпына келтіруге септігін тигізді. 
Үндістанда ана жалпы 8 химия және 25 сәулелік терапия алды. Жергілікті дәрігерлер әр науқастың жанама әсерлерін ескеріп, кальций мен арнайы дәрумендерді қоса отырып, жеке емдеу жоспарын құрған.

Кешенді күрес: Инемен құдық қазғандай қадамдар

Ана тек медицинаға ғана сеніп қоймай, аурумен психологиялық тұрғыдан да белсенді күресті. Үндістанда емделіп жатқан екі айда және ауылға келгенде ол өзінің ішкі жан дүниесін емдеуге қатты көңіл бөлді. Ол психологтардан қосымша көмек алып, «Сам себе психолог» курстарын оқыды және арнайы трансформациялық ойындарды үйреніп, миын мазасыз ойлардан тазартты. 
Тіпті химиядан кейін қолы дірілдеп, жағдайы нашарлап тұрса да, үнділік мандала суреттерін сатып алып, оларды түрлі-түске бояумен өзін жұбатты, бұл оның арт-терапиясына айналды.
Ауылға оралған соң табиғи емге көшіп, таңертең және кешке желінінен жаңа сауылған саумал ішіп, ағзасын тазартты. 
Дәрігерлердің кеңесімен малдың қызыл етін азайтып, құс еті мен балыққа ауысты. Бұған қоса, үлкен спортпен айналыспаса да, күнделікті өмірде барынша жаяу жүруді, яғни қадам жасауды тұрақты әдетке айналдырды.

Ұлы жеңіс: «Организмде ешқандай ісік клеткасы жоқ!»

Осы қажырлы еңбек пен кешенді күрестің нәтижесі көп күттірген жоқ. Жақында ғана өткен үлкен тексерістен кейін үндістандық дәрігерлер: «Организмде ешқандай қатерлі ісік клеткалары қалмаған!» деген ресми қорытынды берді. Қазір ананың жағдайы жақсы, дәрігердің нұсқауымен спортты серік етуде. 
Қазақстанда оған 2-ші топтағы мүгедектік берілгенімен, ол бұл уақытша қиындық екеніне, жаңадан жасалған ішегі уақыт өте келе кәдімгі асқазанның рөлін толық атқарып кететініне сенеді.
«Ауруханада небір ауыр науқастарды көрдім. Көз жеткізгенім — адамның жазылып шығуы 100% өзіне байланысты. Егер өзіңді жіберіп қойып, ауруға берілсең, шетелдің ең мықты клиникасы да көмектесе алмайды. Дерттің нешінші стадиясы болса да, берілмей, медицинаны, дұрыс тамақтануды, психология мен жақсы көңіл-күйді қатар ұстасаң, кез келген ауруды жеңуге болады. Мен балаларым үшін жеңдім!» — деп түйіндеді сөзін ақтөбелік журналист ана.

автор: «Тілші»
🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?
Жасанды интеллектіге сұрақ қою үшін жүйеге кіріңіз.

Ұқсас жаңалықтар