×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Жаңартылатын энергия көздерінен электробусқа дейін: Қазақстанның Даму Банкі елдің экологиялық жаңғыруына қалай серпін беріп отыр

Жаңартылатын энергия көздерінен электробусқа дейін: Қазақстанның Даму Банкі елдің экологиялық жаңғыруына қалай серпін беріп отыр
Фото: ERG баспасөз қызметі

Өңірлік экологиялық саммит қарсаңында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) елдің төмен көміртекті даму үлгісіне көшуін жеделдетіп отырған «жасыл» жобаларын таныстырады.

Бүгінде ҚДБ қатысуымен 800 мегаваттан астам жаңартылатын энергия қуаты пайдалануға берілді. Яғни Қазақстандағы әрбір төртінші «жасыл» мегаватт Банк қолдауымен іске қосылды. Олардың қатарында қуаты 150 МВт болатын Хромтау жел электр стансасы, 50 МВт-тық «Sarkylmas Kuat» жел электр стансасы, «Mistral Energy» мен «EcoProTech» күн электр стансалары, Тұрғысын және Басқан өзендеріндегі су электр стансалары бар. Мұндай бастамалардың ауқымы жыл сайын кеңейіп, елдің жаңа энергетикалық іргесін қалыптастырып келеді. Ал Банктің қарауында қуаты гигаваттпен өлшенетін жаңа ЖЭК жобалары тұр.

ҚДБ маңызды инфрақұрылымды жаңғырту ісіне де белсенді қаржы бөліп отыр. Соның ішінде Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жобалары бар. Ірі қуат көздерінің іске қосылуы мегаполистегі ауа сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Осындай жаңғыру үдерісі өнеркәсіп саласында да жүріп жатыр. Банк Qarmet кәсіпорнын жаңғырту бағдарламасын қаржыландырып, өндірісті көмірден газға көшіруге қолдау көрсетті. Бұл атмосфераға таралатын күкірт пен қатты бөлшектер көлемін тікелей азайтады.

ҚДБ экологиялық таза отын өндірісін дамытуға да стратегиялық мән беріп келеді. BioOperations зауыты жылына 200 мың тоннадан астам бидай өңдеп, отандық биоэтанолды Еуропа, АҚШ және ТМД нарығына шығарып отыр. Ал қуаты жылына 97,6 мың тонна болатын елдегі алғашқы алкилат өндірісінің іске қосылуы Қазақстанның Еуро-5 жоғары стандартына сай отынға көшуіне жол ашады.

Экологиялық жаңғыру қалаларда да жалғасып жатыр. Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 342 электробус сатып алынып, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған 22 жобаға 89 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде елдегі қоқысты сұрыптау үлесі 40 пайызға дейін артады.

Экологиялық талаптар Маслодел Петропавловск пен Qazaq-Astyq Group секілді кәсіпорындарда да жүйелі енгізіліп жатыр. Олар көмірдің орнына өздерінің биоотынын пайдаланып, қалдықсыз өндіріс қағидатын ұстанып келеді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Даму Банкі елдегі Жасыл климат қоры аккредитациясынан өткен алғашқы қаржы институты атанды. Бұл – Банк бастамаларының ашықтығы мен маңызын айқын көрсететін қадам.

Осылайша, ҚДБ-ның бүгінгі инвестициясы – келер ұрпақтың технологиясы дамыған, табиғаты таза елде өмір сүруіне қаланған берік негіз. Экономикалық өрлеу мен табиғат үйлесімін қатар ұстау – Банктің ұзақмерзімді ұстанымы.

Жобалар туралы толығырақ мына бейнероликтен көре аласыздар.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?
Жасанды интеллектіге сұрақ қою үшін жүйеге кіріңіз.

Ұқсас жаңалықтар