ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлердегі денсаулық сақтау жүйесін қолдауды жалғастырып келеді. Топ құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Хромтау аудандық орталық ауруханасына және Ақтөбе қаласының №1 қалалық көпсалалы ауруханасына оттегімен қамтамасыз ету және респираторлы терапияға қажетті заманауи жабдықтар жеткізіп берді. Бұл мақсатқа компания 42 миллион теңге қаржы бағыттаған.
Өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі концентраторлары жеткізілді. Олар тыныс алу мүшелерінің аурулары (мысалы, созылмалы обструктивті өкпе ауруы (СОӨА), пневмониясы бар науқастардың, сондай-ақ осы аурулардан кейінгі оңалту кезеңіндегі науқастардың тыныс алуын қолдауға керек. Заманауи портативті және стационарлы концентраторлар минутына 1-ден 10 литрге дейін өнімділікпен оттегі бере алады. Бұның дәстүрлі оттегі баллондарынан айырмашылығы – оларды пайдалану қауіпсіз және арнайы оттегі станцияларын қажет етпейді. Бұл оттегі терапиясын тікелей палатада, науқастың жанына қойып, тыныс алуды ұзақ және үздіксіз қолдауға мүмкіндік береді.
– Шұғыл жағдайларда әр минут маңызды. Дәл осы кезде заманауи жабдықтардың болуы дәрігерлерге науқастың жағдайын тезірек тұрақтандырып, өмірін сақтауға септеседі. Бұл бір адам үшін – ауыр дерттен тезірек айығу мүмкіндігі, ал біреу үшін – үйіне, отбасы мен жақындарына оралу мүмкіндігі, - деді №1 қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Қадірбек Иманбаев.
Жабдықтар медициналық мекемелерге жеткізілді. Хромтауға арналған заманауи өкпені жасанды желдету аппараты – ерекше маңызды жабдық. Ол науқас өз бетінше тыныс ала алмаған ауыр жағдайларда қолданылады.
– Бізде ӨЖЖ аппараты бар. Бірақ ауруханамыз үлкен, бүкіл аудан үшін жалғыз осы ғана жабдық. Жан сақтау, травматология бөлімшелері бар. Түрлі жарақат, инфаркт және басқа да ауыр жағдайлардағы көптеген науқастар қабылданады. Жаңа аппаратты ересектер де, балалар да пайдалана алады. Ал швейцариялық сапа бірден көрініп тұрады, - деді Хромтау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Берік Жаржанов.
Өңірдің медициналық мекемелері жүйелі қолдау көріп келеді. Мысалы, жыл басында «Қазхром» компаниясы Ақтөбедегі №1 қалалық көпсалалы ауруханасына заманауи мобильді рентген жүйесін сатып алған болатын. Бір жыл бұрын осы медициналық мекемеге күйікке шалдыққандарға арнайы төсек, ал М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне заманауи эхокардиография аппараты сатып алынған еді.
– Дәрігерлердің қолында заманауи жабдықтардың болуы, ал тұрғындардың үй жанынан сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан біз осындай жобаларды қолдауға және аймақтың медициналық мекемелеріне көмектесуге тырысамыз, - деді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.